«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

«СЪЕЗДЕ МАҢЫЗДЫ СТРАТЕГИЯЛЫҚ ШЕШІМДЕР ҚАБЫЛДАНАТЫНЫНА СЕНЕМІН»

2014 жылғы 24 Маусым
- Қызылорда облысы
10930 просмотров

Қуатты елдің бірден-бір тірегі – дамыған бизнес. Ол алпауыт мемлекеттер экономикасының қарқынды дамуына үлкен күш береді. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының құрылуы Қазақстандағы кәсіпкерлік саласының дамуына үлкен серпінін тигізді. Ертең, яғни 25 маусымда Астанада аталмыш ұйымның алғашқы съезі өтпек. Оған Қызылорда облысынан сайланған делегаттар мен өңірлік кәсіпкерлер палатасының дирекциясы да қатысады. Сапар алдында сырбойылық кәсіпкерлердің қарашаңырағына айналып үлгерген облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Дінмұхамед Әбсаттаровпен сұхбаттасудың сәті түсті.

- Дінмұхамед Болатұлы, биыл кәсіпкерлік саласы елеулі оқиғаларға толы болғалы тұр. Соның бірі – Ұлттық кәсіпкерлер палатасының І съезі. Отандық бизнес-қауымдастықтың басқосуы не береді?

- Әлемдік тәжірибе, расында, ел экономикасын жаңа белестерге көтерудің бір жолы – бизнесті дамыту, алға өрлету екендігін көрсетіп отыр. Бизнесі дамыған ел экономикалық жағынан қуатты. Әлеуетті, зайырлы 30 елдің қатарына ену үшін біз бизнесті дамытуымыз керек. Елбасы дәл қажет кезеңде осында күрделі әрі батыл қадамдарға барып отыр. Қазіргі таңда еліміздегі ішкі жалпы өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 20 пайыздай болса, енді біз күш біріктіріп 50 пайызға жетуге міндеттіміз. Елбасының Ұлттық палатаны құрудағы мақсаты да еліміздегі кәсіпкерлік саласындағы мәселелердің шешу мақсатында туған деп ойлаймын. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бір жылға жетер-жетпес уақыттағы жұмыс нәтижесі халықтың көз алдында. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының президиум төрағасы Тимур Құлыбаев Қызылорда облысындағы сапарында бизнестегі мәселелерге қанықты. Барлық аймақтағы мәселелер біріктірілген түрде съезде айталады деп күтілуде.

- Съезге әр облыстан санаулы ғана делегат қатысатыны белгілі. Бүгінде қатысуға ниетті кәсіпкер көп. Олардың мақсаты бір. Кәсіпкерлік саласындағы мәселелердің Үкімет алдында тыңдалғанын қалайды. Облыс делегаттары қалай сайланды әлде шақырту алды ма?

- Иә, жасыратыны жоқ, съезге қатысқысы келетін кәсіпкерлер жетерлік. Оны ақпараттандыру жұмыстары басталғанда-ақ аңғардым. Бұл қуантарлық жағдай. Яғни өңірдегі кәсіпкерлер өз мәселелеріне бейжай қарамайды деген сөз. Дегенмен, бұл шараға қатысудың өзіндік тәртібі бар. Делегаттар алдын ала ашық түрде сайланды. Ұлттық кәсіпкерлер палатасында өңірлік кәсіпкерлер кеңесі бар. Белсенді кәсіпкерлерден құралған 20 азамат ҰКП заңы аясында сайланған. Бизнестегі қордаланған мәселелер кәсіпкерлер кеңесінде қаралады. Съезд уақыты айқындалғаннан кейін кәсіпкерлер арасында дауыс беру жүйесі арқылы олар өз орталарынан делегаттар сайлады. Облыс кәсіпкерлерінің атынан І съезге кәсіпкерлер кеңесінің төрағасы А.Махамбетов, мүшелері Қ.Сақтағанов, Қ.Боранбаев, А.Козбақов қатысады. Олар өңір экономикасы мен кәсіпкерлік саласындағы мәселелерге қатысты ойларын ашық айта алатын, шындықты бүкпесіз жеткізе алады. Делегат болуға лайық деп санаймын.

- Сыр елі кәсіпкерлігінің өркендеуіне бірден-бір жауапты әрі жанашыр азамат ретінде съезден күтеріңіз.

- Бүгінгі күні жаңа интеграциялық қатынастар, ЕЭО жағдайында бизнестің жаңа даму бағыттары мен механизмдерін айқындау үлкен маңызға ие. Осы орайда ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алғашқы съезіне үлкен сенім артылып отыр. Осы күні ҰКП қызметіне қатысты маңызды стратегиялық шешімдер қабылданатын айтулы күн ретінде тарихта қалатындығы даусыз. Съездің негізге мақсаты – орта мерзімге Қазақстандағы кәсіпкерлікті дамытудың біріңғай жүйесін қалыптастыру болып табылады. Осы орайда біз 4 басты мәселенің шешілуін күтеміз. Біріншіден, нарыққа қажетті орта буынды мамандар дайындауда жергілікті билік пен кәсіпкерлер үлкен жұмыс атқаратыны белгілі. Бүгінде орта мамандар дайындау жұмысына біз 90 пайыз дайынбыз деп айта аламын. Осы орайда мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге қандай жеңілдіктер қарастырылады?

Екіншіден, өңірде ауылшаруашылық саласын дамыту, ауылдық елді-мекендерде кәсіпкерлікті нығайту мақсатындағы жұмыстарға кәсіпкерлердің дайындығы мен белсенділігі;

Үшіншіден, билік пен бизнес арасындағы қарым-қатынастың жаңа тетіктері, нәтижелі механизмдерін құрастыру;

Төртіншіден, ауылшаруашылық саласын дамыту. Өйткені бұл біздің ата-бабамыздан келе жатқан дәстүрлі кәсібіміз десек те болады. Жұмысы көп, табысы аз осы салаға үлкен қолдау қажет. Өйткені, мұнайдан кейін бірден-бір арқа сүйейтін, экономикамызды өрістететін сала осы болмақ. Ауылшаруашылығын дамытуды қазірден қолға алмасақ, қара алтынның түбі көрінгенде бізге тым кеш болады. Халықтың 65 пайызы ауылдық жерде тұрады. Сондықтан да, Ыбырай Жақаевтан бастап қанымызға сіңген бұл кәсіпті өркендетуге қазірден кірісуіміз қажет.

Бесіншіден, «EXPO-2017» көрмесі кезінде Қазақстан 6 миллиондай қонақты қабылдауды жоспарласа, оның 5%-ы Сыр өңірінің туристік нысандарын аралай алады. Бүгінде Байқоңыр ғарыш айлағында туристік қызмет көрсету бойынша бірлескен кәсіпорын жұмысы мен шетелдіктердің айлаққа кіруіне мүмкіндік беретін туристік ваучер құру мәселесі шешіліп жатыр. «ЭКСПО-2017» көрмесіне жергілікті кәсіпкерлердің тартылуын қамтамасыз етуіміз қажет.

Негізінен, Қызылорда облысының атынан съезге Қазақстанның экономикасына көз жұма қарамайтын белсенді де білікті кәсіпкерлер қатысқалы отыр. Съездің нәтижелі өтеріне және Қазақстан бизнесін қарыштататын қадамдар жасалатындығына сенемін!

kyzylorda-news.kz


Еншілес ұйымдар

Серіктестер