«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қуатты елдің тірегі – дамыған бизнес

2014 жылғы 24 Маусым
- Қызылорда облысы
11360 просмотров

Елімізде  Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының құрылуы кәсіпкерлік саласының дамуына үлкен серпін әкелді.  Қуатты елдің бірден бір тірегі – дамыған бизнес. Бизнес – алпауыт елдердің экономикасының қарқынды дамуына үлкен күш беріп отыр. Үстіміздегі жылдың 25 маусымында Астанада Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алғашқы Съезі өтеді. Соған орай Қызылорда облысынан сайланған делегаттар мен Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасының дирекциясы да Астанаға аттануда. Осы ретте Қызылордадағы кәсіпкерлердің қара шаңырағының иесі болып отырған Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасының директоры Дінмұхамед Әбсаттаровпен сұхбат құрған болатынбыз.

– Дінмұхамед Болатұлы, биылғы жыл кәсіпкерлік саласында елеулі даталарымен тарихта қалатын оқиғаларға толы болғалы тұр.  Соның бірі – Ұлттық кәсіпкерлер палатасының  бірінші Съезі болмақ. Еліміздің барлық аймағындағы кәсіпкерлердің басын қосатын алқалы жиыннан Сіз қандай нәтиже күтесіз?

– Әлемдік тәжірибеде, расында да, ел экономикасын жаңа белестерге көтерудің бір жолы – бизнесті дамыту, алға өрлету екені белгілі. Бизнесі дамыған ел – экономикалық қуатты мемлекет. Әлеуетті, зайырлы 30 елдің қатарына ену үшін біз бизнесті дамытуымыз керек. Біздің Елбасы дәл қажет кезеңде осындай күрделі әрі батыл қадамдарға барып отыр. Қазіргі таңда еліміздегі ішкі жалпы өнімдегі  шағын және орта бизнестің үлесі 20 пайыздай болса, енді біз күш біріктіріп, оны 50 пайызға жеткізуге міндеттіміз. Елбасының Ұлттық палатаны құрудағы мақсаты да еліміздегі кәсіпкерлік саласындағы мәселелерді шешу мақсатында туған ой деп ойлаймын. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының 1 жылға жетер-жетпес уақыттағы жұмыс нәтижесі халықтың көз алдында. Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасының Президиум Төрағасы Тимур Құлыбаев Қызылорда облысына жасаған сапарында бизнестегі мәселелерге қанықты. Барлық аймақтардағы мәселелер біріктірілген түрде Съезде айталады деп күтіп отырмыз.

– Съезге әр облыстан санаулы ғана делегат қатысатыны белгілі. Алайда қатысуға ниетті кәсіпкер көп. Әрине, олардың мақсаты бір. Кәсіпкерлік саласындағы мәселелердің Үкімет алдында тыңдалғанын қалайды. Облыс атынан Съезге қатысатын делегаттар қалай іріктелді?

– Иә, расымен, Съезге қатысқысы келетін кәсіпкерлер жетерлік. Оны ақпараттандыру жұмыстары басталғанда-ақ аңғардым. Бұл қуантарлық жағдай. Яғни, өңірдегі кәсіпкерлер өз мәселелеріне бей-жай қарамайды деген сөз. Дегенмен, бұл шараға қатысудың да өзіндік тәртібі бар. Делегаттар алдын-ала ашық түрде сайланды. Ұлттық кәсіпкерлер палатасында Өңірлік кәсіпкерлер кеңесі бар. Облыстағы белсенді кәсіпкерлерден құралған 20 кеңес мүшесі ҰКП Заңы аясында сайланған. Бизнестегі қордаланған мәселелер кәсіпкерлер кеңесінде қаралады. Съез уақыты айқындалғаннан кейін кәсіпкерлер арасында дауыс беру жүйесі арқылы олар өз орталарынан делегаттар сайлады. Облыс кәсіпкерлерінің атынан Бірінші Съезге Кәсіпкерлер кеңесінің Төрағасы А.Махамбетов, Кеңес мүшелері Қ.Сақтағанов, Қ.Боранбаев, А.Козбақов қатысады. Бұл азаматтар өңір экономикасына, кәсіпкерлік саласына қатысты мәселелерге өз ойларын ашық айта алатын, шындықты бүкпесіз жеткізетін тұлғалар. Делегат болуға, бірінші Съезге қатысуға лайықты кәсіпкерлер сйаланды деп санаймын.

– Қызылорда облысының кәсіпкерлігінің өркендеуіне бірден-бір жауапты әрі жанашыр азамат ретінде Съезде қандай мәселелер шешімін тапқанын қалайсыз?

– Бүгінгі күні жаңа интеграциялық қатынастар, ЕЭО жағдайында бизнестің жаңа даму бағыттары мен механизмдерін айқындау үлкен маңызға ие. Осы орайда, ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алғашқы Съезіне үлкен сенім артылып отыр. Осы күні ҰКП қызметіне қатысты маңызды стратегиялық шешімдер қабылданатын айтулы күн ретінде тарихта қалатындығы даусыз. Съездің негізге мақсаты – орта мерзімге Қазақстандағы кәсіпкерлікті дамытудың біріңғай жүйесін қалыптастыру болып табылады. Осы орайда біз 5 басты мәселенің шешілуін күтеміз. Біріншіден, Нарыққа қажетті орта буынды мамандар дайындауда жергілікті билік пен кәсіпкерлер үлкен жұмыс атқаратыны белгілі. Бүгінде орта мамандар дайындау жұмысына біз 90 пайыз дайынбыз деп айта аламын. Осы орайда мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге қандай жеңілдіктер қарастырылады? Екіншіден, өңірде ауылшаруашылық саласын дамыту, ауылдық елді-мекендерде кәсіпкерлікті нығайту мақсатындағы жұмыстарға кәсіпкерлердің дайындығы мен белсенділігі. Үшіншіден, билік пен бизнес арасындағы қарым-қатынастың жаңа тетіктері, нәтижелі механизмдерін құрастыру. Төртіншіден, ауылшаруашылық саласын дамыту. Өйткені бұл біздің ата-бабамыздан келе жатқан дәстүрлі кәсібіміз десек те болады. Жұмысы көп, табысы аз осы салаға үлкен қолдау қажет. Өйткені, мұнайдан кейін бірден-бір арқа сүйейтін, экономикамызды өрістететін сала осы болмақ. Ауылшаруашылығын дамытуды қазірден қолға алмасақ, қара алтынның түбі көрінгенде бізге тым кеш болады. Халықтың 65 пайызы ауылдық жерде тұрады.  Сондықтан да, Ыбырай Жақаевтан бастап қанымызға сіңген бұл кәсіпті өркендетуге қазірден кірісуіміз қажет. Бесіншіден, «EXPO-2017»  көрмесі кезінде Қазақстан  6 миллиондай қонақты қабылдауды жоспарласа, оның 5%-ы Сыр өңірінің туристік нысандарын аралай алады. Бүгінде Байқоңыр ғарыш айлағында туристік қызмет көрсету бойынша бірлескен кәсіпорын жұмысы мен шетелдіктердің айлаққа кіруіне мүмкіндік беретін туристік ваучер құру мәселесі шешіліп жатыр. «ЭКСПО-2017» көрмесіне жергілікті кәсіпкерлердің тартылуын қамтамасыз етуіміз қажет.

Негізінен, Қызылорда облысының атынан Съезге Қазақстанның экономикасына көз жұма қарамайтын белсенді де білікті кәсіпкерлер қатысқалы отыр. Съездің нәтижелі өтеріне және Қазақстан бизнесін қарыштататын қадамдар жасалатындығына сенемін!


Еншілес ұйымдар

Серіктестер