«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қазақстан-жапон экономикалық диалогы: Токиодағы іскерлік миссияның қорытындысы

2025 жылғы 18 Сәуір
2098 просмотров

2025 жылғы 14-18 сәуір аралығында Қазақстандық делегация Токио қаласында «Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының және Қазақстан сыртқы сауда палатасының (ҚССП) Жапонияға алғашқы ресми сапары аясында бірқатар кездесулер өткізеді. Сапардың мақсаты – екі ел арасындағы экономикалық байланыстарды нығайту және Жапония мен Қазақстанның шағын және орта бизнес кәсіпорындары арасындағы ұзақ мерзімді іскерлік ынтымақтастықты жолға қою.

Делегацияны Қазақстан-Жапония экономикалық ынтымақтастық комитетінің төрағасы, «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа төрағасы хатшылығының басшысы, Қазақстан сыртқы сауда палатасының Басқарма төрағасы Мұрат Қарымсақов басқарды. Делегация құрамына сондай-ақ, «Атамекен» ҚР ҰКП Тексеру комиссиясының төрағасы және Қазақстандағы JICA түлектерінің қауымдастығының президенті Нұрлан Сарсенбай, ҚССП-ның Жапониядағы ресми өкілі Ләйлә Сарсембаева, сондай-ақ ҚССП-ның жапондық кеңесшілері профессор Томикадзу Инагаки, профессор Тецуя Танака және Акао Сатоши кірді. Барлық кездесулерде делегациямен ҚР Жапониядағы Елшілігінің кеңесшісі Ануарбек Карашев еріп жүрді.

Сапардың алғашқы күнінде делегация Қазақстан Республикасының Жапониядағы Елшілігін аралап, Қазақстанның Жапониядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ерлан Баударбек-Қожатаевпен кездесті. Делегаттар оны қызметіне ресми кірісуімен құттықтап, Қазақстан мен Жапония арасындағы іскерлік қатынастардың қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын талқылады.

Токиодағы басты кездесулердің бірі – Marubeni Басқарма мүшесі және корпорация директоры Акира Таракав бастаған жапондық-қазақстандық экономикалық ынтымақтастық комитетімен іскерлік дөңгелек үстел болды. Жапондық РОТОБО бизнес қауымдастығы ұйымдастырған бұл кездесуге Itochu, Sumitomo, Mitsui, Mitsubishi, Inpex, Sojitz, Toyota Tsusho, Nissin, Japan Tobacco, MUFG Bank сияқты танымал жапон корпорацияларының 24 өкілі қатысты.

Бұдан әрі Жапонияның Халықаралық ынтымақтастық агенттігімен (JICA) кездесу өтті, онда ынтымақтастықты одан әрі кеңейту бойынша қолданыстағы жобалар мен жаңа құралдар талқыланды. Келіссөздер барысында тараптар JICA-ның «Атамекен» ҚР ҰКП мен ағымдағы өзара іс-қимылын – «Бір ауыл – бір өнім» жобасын іске асыруды, сондай-ақ кәсіпкерлік белсенділікті ынталандыруға бағытталған кәсіби даму бағдарламаларын талқылады. Жапондық тарап қазақстандық тарапты Жапонияның ШОБ дамыту жөніндегі жаңа бағдарламаларымен таныстырды, сондай-ақ ҚССП-ны жапондық шағын және орта бизнес кәсіпорындары үшін жергілікті (қазақстандық) серіктестерді іздеу бойынша контрагент болуды ұсынды.

Келесі кездесу Жапонияның сыртқы сауданы дамыту ұйымында (JETRO) және Жапонияның Сауда-өнеркәсіп палатасында (JCCI) өтті. Тараптардың міндеттері мен қызмет салаларының ұқсастығына байланысты диалог мазмұнды болып шықты және алғашқы минуттардан бастап өзара түсіністікке қол жеткізілді. Сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту және екі елдің кәсіпкерлері арасында тікелей байланыс орнату мәселелері талқыланды.

«Қазақстан-жапон қарым-қатынастары біздің елдер басшылығының үкіметтік деңгейдегі күш-жігерінің арқасында стратегиялық сипатқа ие. Бүгінде біз экономиканың дәстүрлі секторларында ғана емес, сондай-ақ атом энергетикасын игеру сияқты бағыттарда да белсенді өзара іс-қимылды байқап отырмыз, бұл ерекше өзектілікке ие болып отыр. Біздің ынтымақтастығымыздың екінші маңызды бағыты шағын және орта бизнесті дамыту болып табылады. Жапонияда ШОБ қолдау және қаржыландыру саласында орасан зор тәжірибе жинақталған және біз үздік тәжірибелерді қабылдауға тырысамыз. Біз оны тікелей талқылауға және байланыс орнатуға келдік. Жапон әріптестерін біздің тәжірибемізбен танысып, серіктестіктің жаңа мүмкіндіктерін ашу үшін Қазақстанға шақырамыз», - деп атап өтті Мұрат Қарымсақов.

Жапония Сауда-өнеркәсіп палатасы Бас директорының орынбасары Тецуя Мацуока мұндай сапар тікелей іскерлік байланыстар орнатуға, Қазақстанның инвестициялық әлеуетін зерделеуге және Экономика, технология және білім беру салаларындағы бірлескен жобалардың перспективаларын талқылауға тамаша мүмкіндік болатынын атап өтті.

«Жапония көлемі 8 млрд доллар және жылдық сауда айналымы 2 млрд АҚШ доллары болатын Қазақстанның ең ірі он шетелдік инвесторларының қатарына кіреді. Қазақстанда әлемдік бренді бар 60 тан астам танымал жапон компаниялары жұмыс істейді. Бұл жапон бизнесінің Қазақстанға деген сенімі мен қызығушылығының айқын дәлелі. Біздің сапарымыз өнеркәсіп, көлік, тұрақты энергетика және технологиялар салаларындағы іскерлік байланыстар мен нақты жобаларды дамытуға жаңа серпін береді деп сенеміз», - деді Мұрат Қарымсақов.

Бұдан әрі Бағдарлама бойынша Жапония ШОБ және өңірлік инновацияларды (Organization for Small & Medium Enterprises and Regional Innovation, SME Support Japan) қолдау жөніндегі ұйымға таныстыру сапары өтті. Кездесу барысында Жапония мен Қазақстанның ШОБ қолдау саласындағы алдағы ортақ міндеттерді түсінуге қол жеткізілді және Қазақстанның сыртқы сауда палатасы мен SME Support Japan арасында іскерлік байланыстар орнату ниетінде өзара келісім білдірілді.

ҚССП-ның Жапонияға ресми сапары барысында Жапонияның аналитикалық құрылымдарымен кездесулер өтті. Бірінші кездесу Жапонияның Қазақстандағы бұрынғы елшілері Тошио Цунозакидің (2003-2005), Ичиро Кавабатаның (2016-2019) және Татсухико Касайдың (2019-2021) қатысуымен профессор Кей Карасав бастаған Қазақстанды зерттеу жөніндегі зерттеу тобымен өтті. Келесі сапармен делегация профессор Тетсуи Танака бастаған Орталық Азия мен Кавказды зерттеу институтына (CACRI) барды.

Ресми сапардың соңында делегация Жапонияның Экономика, сауда және өнеркәсіп министрлігіне (METI) барды, онда Қазақстан мен Жапония арасындағы екіжақты экономикалық және іскерлік ынтымақтастықты нығайту, елдеріміздің шағын және орта кәсіпорындары арасындағы өзара іс-қимылдың ұзақ мерзімді көпірлерін дамыту, сондай-ақ жалпы инвестициялық ахуал мәселелері талқыланды.

Сапардың соңғы күні 2000 жылдардың басында Қазақстанның өнеркәсіптік инфрақұрылымының қалыптасуында маңызды рөл атқарған инженерлік компаниялардың өкілдерімен достық кездесу өтті. Жапондық тарап Жапонияның Қазақстанмен ынтымақтастығының отыз жылдық тәжірибесі туралы қызықты тарихи фактілермен бөлісті.

«Атамекен» ҚР ҰКП және ҚССП делегациясы Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Иидзима Ясумаса бастаған Жапонияның Қазақстандағы елшілігіне, Қазақстан Республикасының Жапониядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ерлан Баударбек-Қожатаев бастаған Қазақстанның Жапониядағы Елшілігіне, ҚР Жапониядағы Елшілігінің кеңесшісі Анарбек Қарашевқа, JICA-ның Қазақстан Республикасындағы Сатоши Цзуджи бастаған байланыс кеңсесіне, сондай-ақ жапондық кеңесшілер профессор Тетсуи Танакаға, профессор Инагаки Томиказуға және Акао Сатошиге сапарды ұйымдастыруға көмектескендері үшін алғыс білдіреді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер