«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қызылордада «ағымдағы жыл» мәселесі кәсіпкерлердің пайдасына шешілді

2022 жылғы 09 Желтоқсан
- Қызылорда облысы
8023 просмотров

Қызылордада Ауыл шаруашылығы министрлігі шығарған қағидадағы олқылықтың салдарынан сотқа тартылған кәсіпкерлер процесте жеңді. Кәсіпкерлер палатасының заңгерлері сотта ауыл шаруашылығымен айналысатын 10 кәсіпкердің құқығын қорғап, 53,3 млн теңгесін сақтап қалды.

Осы жылдың ақпанында Ауыл шаруашылығы министрлігінің қателігінен қызылордалық кәсіпкерлер субсидияны қайтаруға мәжбүр болғанын жаздық.

Ауыл шаруашылығы министрі 2020 жылдың 17 шілдесінде «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» бұйрық қабылдап, «Ауыл шаруашылығы малдарының азығына жұмсалған шығындар құнын арзандату» деген қолдау шарасын енгізеді.

Аталған құжатты басшылыққа алған аймақтың бірқатар кәсіпкері субсидия алады. Өткен жылдың қазанында кәсіпкерлер облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан «Сіздің шаруашылықта субсидияланған мал басының сақталуын қамтамасыз ету бойынша міндеттемелерді сақтамағаны анықталып отыр» деген хат алады. Әрі қарай басқарма субсидия қаржысын бюджетке қайтаруды талап етеді.

Басқарманың «міндеттемені сақтамады» дегені мынадан туындап отыр. Ауыл шаруашылығы министрлігі әзірлеген қағиданың қазақша нұсқасында кәсіпкерге «Субсидияланған аналық мал басының ағымдағы жыл бойы сақталуын қамтамасыз ету» міндеттелген. Ал қағиданың орыс тіліндегі нұсқасында – «в течение года» (жыл бойы) деп жазылып, сәйкессіздік орын алған. Палатаға жүгінген кәсіпкерлер ереженің қазақ тіліндегі нұсқасын басшылыққа алғанын айтты. 

Шаруашылық иелері 2020 жылы қолданыста болған қағидаға сәйкес, «сол ағымдағы 2020 жылы» мал басын сатпай ұстап отырған. Тек келесі, яғни 2021 жылы ғана мал басын жаңарту және жақсарту мақсатында бір бөлігін сатып, оның орнына басқа мал алған.

Содан 10 шаруа биыл Кәсіпкерлер палатасынанқұқығын қорғауды сұрап, өтініш білдірді. Олардан ауыл шаруашылығы басқармасы жалпы көлемі 53,3 млн теңгені бюджетке қайтаруды талап еткен.

«Мәселені шешу үшін бірінші Ауыл шаруашылығы министрлігінен түсіндірме сұрадық. Өкінішке қарай, министрлік «қағиданың орыс тіліндегі нұсқасын қолданыңыздар» деп жауап берді. Заңгерлер өзге де нормативтік-құқықтық құжаттарды жан-жақты зерттеді. Нәтижесінде біздің заңгерлер осындай даулы жағдайлар болса, мәселенің кәсіпкерлердің мүддесіне шешілетінін анықтап, сотта шаруалардың құқығын қорғап шықты», – дейді Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықов.

Осылайша, Кәсіпкерлер палатасының заңгерлері «ағымдағы жыл» сөзіне бола тығырыққа тірелген 10 кәсіпкердің құқығын қорғап қалды. Шаруалар мемлекеттік қолдау ретінде алған 53,3 млн теңгені бюджетке қайтармайтын болды.

Кәсіпкерлер палатасы құқығы бұзылған кәсіпкерлер болса, Палатаға хабарласуын сұрайды.

Мекенжайымыз:Қызылорда қаласы, Қорқыт ата, 123 үй «Бизнеске арналған Үкімет» ғимаратының 3-қабаты. Байланыс телефоны 8 /7242/ 40-09-81.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер