«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қызылордада құжаттарды рәсімдеуді оңтайландыруға қатысты меморандум жасалды

2022 жылғы 29 Қыркүйек
- Қызылорда облысы
10050 просмотров

Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының алаңында қала әкімі Асылбек Шәменов, «Азаматтарға арналған үкімет» КЕ АҚ Қызылорда облыстық филиалының директоры Аида Әбибуллаева, Палата директоры Пірмұхаммед Сыздықов кәсіпкерлердің жер қатынастарына қатысты құжаттарын рәсімдеуді оңтайландыру үшін үш жақты меморандумға қол қойды.

Шарада «Азаматтарға арналған үкімет» КЕ АҚ облыстық филиалының жақында тағайындалған директоры Аида Әбибуллаева жер телімдерінің рұқсат құжаттарын заңдастыруға қатысты кәсіпкерлердің өтініштерін қысқа мерзімде қарап, рәсімдеу үшін тиісті шаралар қабылдап жатқанын жеткізді.

«Меморандум жасау туралы ұсыныс Аида Ибрагимқызынан түсті. Бұл қадам кәсіпкерлердің бизнес жобаларын жүзеге асыру мерзімін жақындатып, уақытын үнемдеуге мүмкіндік берері сөзсіз», – деді Палата директоры Пірмұхаммед Сыздықов.

Бұған дейін Палата кәсіпкерлік мақсаттағы жер, ғимарат құжаттарына қажетті рұқсат құжаттарын жеңілдету бағытында бірқатар мәселелерді көтеріп, шешу жолдарын тұрақты тиісті органдарға ұсынып келеді. Жергілікті әкімдіктермен бұл бағытта нәтижелі жұмыстар бар.

Атап айтқанда, Қызылорда қаласы әкімдігі жер телімдерінің нысаналы мақсатын өзгертіп, кәсіпкерлік нысанын заңға сәйкес құжаттандырғысы келетін азаматтарға Жер Кодексінің 49-бабын басшылыққа алып, бөліп төлеуге мүмкіндік беріп жатыр.  

Бұл қадам бірқатар оң нәтиже береді. Жер телімін сатып алу-сатудан түсетін бюджетке кіріс ұлғаяды, нысаналы мақсаты кәсіпкерлікке ауысқаннан кейін, бюджетке түсетін жер салығының көлемі артады, жер телімімен бірге үстіндегі ғимараттың да бағалау құны артып, мүлік салығынан түсетін кіріс көлемі артады, кадастрлық құнды төлеу үшін пайызбен несие алу көлемі төмендейді, облыс көлемінде заңсыз құрылыстар қатары төмендейді.

Бизнес өкілдері жер телімдеріне қатысты мәселемен кездескен жағдайда Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасына хабарласа алады. Мекен-жайы: Қызылорда қаласы, Қорқыт ата 123, «Бизнеске арналған үкімет» ғимараты. Байланыс нөмірі 8 /7242/ 40-09-81.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер