«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Кәсіпкерлер палатасы мен прокуратураның көшпелі кездесуінде кәсіпкерлердің бірқатар мәселесі шешілді

2022 жылғы 27 Маусым
- Қызылорда облысы
8630 просмотров

Өткен аптада Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасы мен облыстық прокуратура өңірдің 7 ауданында көшпелі кездесу өткізді. Бастамашы топ аталған шарада жалпы екі жүзден астам кәсіпкермен кездесіп, елуге жуық өзекті сұрақты талқылады.   

Көшпелі кездесуге Кәсіпкерлер палатасының дирекция мүшелері, облыс прокурорының орынбасары Дамир Қатаев, Палата жанындағы Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес төрағасы Болат Нұрхожаев, аудан әкімдігінің басшылары, кәсіпкерлер мен сала мамандары қатысты.

«Аудандағы кәсіпкерлермен кездесуде кей жеке мәселелерден өзге, жүйелі кездесетін бірқатар саланы байқадық. Олар ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге берілетін субсидиялар, салыққа және жер телімдеріне қатысты проблемалар. Бірнеше мәселе осы отырыстарда шешілді. Кәсіпкерлерден түскен өзге сұрақтарды біздің заңгерлер мен прокуратура қарап, оған қатысты ұсыныстарын береді. Жалпы бұл шаралар мамыр айында Мемлекет басшысының бизнес өкілдерімен кездесуінде берілген тапсырмасы аясында ұйымдастырылып жатыр. Кәсіпкерлердің сұранысына сәйкес жиі өткізу туралы шешім қабылдадық», – деді Палата директоры Пірмұхаммед Сыздықов.

Палата басшысы айтқан, шешілген мәселелер Арал және Жаңақорған ауданы кәсіпкерлеріне тиесілі. Аралдық жеке кәсіпкер Дайрабай Жалғасбаев мамыр айында қосымша құн салығының есебін аудандық мемлекеттік кірістер басқармасына жолдайды. Хабарламада салық тапсыру барысында таңдалған нұсқаға түсіндірме береді. Алайда салық органы хабарламаны орындалмады деп танып, кәсіпкердің шоттарын бұғаттап тастайды. Кәсіпкердің есепшісі барлық құжаттарды көрсетіп, дұрыстығын дәлелдеуге тырысқанына қарамастан, мәселесі бір айдан астам уақыт шешілмеді. Көшпелі кездесуде прокурордың берген түсіндірмесінен кейін мемлекеттік кірістер басқармасы бұл сұрақты қайта қарап, есепті қабылдады, шотын ашып берді.

Жаңақорғандық Бақытжан Тасболатов асыл тұқымды мүйізді ірі қара өсірумен айналысып жүрген кәсіпкер. Кәсібі үшін мемлекеттік бағдарламамен жеңілдетілген несие алған. Ендігі мәселесі жайылымдық жер. Кездесуде аудан әкімі Мұрат Тілеуімбетов кәсіпкердің жобасын өңірлік үйлестіру кеңесіне шығарып, жер телімін алуға көмек көрсететінін жеткізді. Осы шарада Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңес мүшесі Аблан Асенов ауданда кәсіпкерлікті дамытуға арналған комиссияға бизнес өкілдерін қосу туралы ұсыныс берді. Аудан әкімі ұсынысты толық қолдады.

Атап өту керек, Кәсіпкерлер палатасына 5 айда құқығын қорғауды сұраған 204 өтініш түсті. Оның 53-і оң шешіліп, кәсіпкерлер 60,8 млн теңге қаржысын сақтап қалды. Қалған өтініштер бойынша Палата заңгерлері салалық мемлекеттік ұйымдармен жұмыс істеп жатыр.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер