«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қызылордада мониторинг тобы жүргізген 3 мыңнан аса рейдтің 549-ы тіркелген

2021 жылғы 20 Қыркүйек
- Қызылорда облысы
6522 просмотров

Қызылорда облысында карантин талаптарының сақталу барысына мониторинг жасайтын топтар шілдеден бері 3 мыңнан астам рейд жүргізген. Оның тек 549-ы InfoKazakhstan.kz сайтында тіркелген.

 

Аталған мәселе Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасы жанындағы Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес отырысында көтерілді.

 

Кеңес отырысына облыс прокуроры Нұрлан Бижанов, облыс әкімінің орынбасары Балжан Шәменова, Палата директоры Ғалымбек Жақсылықов, кеңес мүшелері – мүдделі мемлекеттік орган өкілдері мен журналистер, кәсіпкерлер, қоғам белсенділері қатысты.

 

Шарада Палата директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Салават Құлмахан ведомствоаралық комиссияның 2021 жылғы 1 шілдедегі хаттамасына сәйкес, мониторинг топтардың рейдтерді InfoKazakhstan.kz сайтында тіркелгеннен кейін жүргізуі тиістігіне қарамастан талаптардың тиісті деңгейде орындалмай отырғанын жеткізді.

 

«Облыста жалпы 167 мониторинг тобы бар. Шілдеден бері 3 мыңнан астам рейд жүргізген. Алайда InfoKazakhstan платформасында бар болғаны 549-ы ғана тіркелген. Тіркелгендердің ішінде де 40 рейдтің статусы әлі аяқталмаған, яғни қабылданған шешімдері туралы ақпарат жоқ. Мониторинг топтардың бір нысанға бірнеше рет барғаны туралы ақпарат бар. Мұндай рейдтердің саны қазір 90-ға жетті», – деді кеңес отырысында Салават Құлмахан.

 

Палата директорының орынбасары InfoKazakhstan.kz сайты арқылы тіркелген рейдтер бойынша 81 заң бұзушылық анықталғандығын атап өтті. Алайда платформада олардың санитарлық-эпидемиологиялық бақылау органдарына жіберілгеніне қатысты ақпарат көрсетілмеген.

 

Ал облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің берген мәліметі бойынша, шілдеден бері мониторинг топтар анықтаған заң бұзышылықтар бойынша 392 әкімшілік іс қозғалған. Соның ішінде 59 кәсіпкерлік субъекті әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

 

«InfoKazakhstan платформасында тіркелген рейдтерге талдау жүргізгенімізде мониторинг топтардың рейдтерді тек кәсіпкерлік нысандарда, қоғамдық тамақтану орындары мен дүкендерде жүргізетінін байқадық. Алайда Ashyq  жобасына тіркелген ұйымдардың 47 пайызы мемлекеттік, әлеуметтік нысандар, қаржы ұйымдары және өзге де кәсіпкерліктен тыс нысандар. Сонда рейд кәсіпкерлік нысандарына ғана арналған ба деген заңды сұрақ туындайды. Бірнеше рет жергілікті атқарушы органдарға бұл мәселені көтеріп хат жолдағанымызбен әзірге тиісті шара қолданылмай келеді», – дейді Салават Құлмахан.

 

Бұл мәселеге қатысты облыс әкімінің орынбасары Балжан Шәменова қала, аудан әкімдеріне мониторинг топтарының рейдтерін платформада тіркеп, талапқа сай жүргізуге қатысты тапсырма беретінін жеткізді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер