«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қызылордалық шаруалар жем-шөпке берілетін субсидияның проблемаларын айтты

2021 жылғы 12 Шілде
- Қызылорда облысы
7352 просмотров

Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының алаңында ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер мен мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен кездесу өтті.

Кездесуге арқау болған тақырып – салаға көрсетіліп жатқан қолдаудың нәтижесі, проблемалары, шешу жолдарын қарастыру.

Мал шаруашылығымен айналысушылар үшін жем-шөпке берілетін субсидия бүгінде шаруаларды сарсаңға салып қойды деп отыр кәсіпкерлер.

«Кәсіпкерлікпен айналысып келе жатқаныма 8 жыл. Мал өсіреміз. 4 адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Мемлекет жем-шөпке субсидия береді дегенде қуанған жандардың біріміз. Алайда іс жүзінде бұлай болмай отыр. Өткен жылдың желтоқсан айында мал азығына жұмсалған шығындарды өтеуді субсидиялауға Қызылорда облысының бюджетінен 730,5 млн.теңге бөлінді. Алайда бұл қаржы бізге жетпей қалды. Кім өтінішті жылдам беріп үлгерді, солар ғана ала алды. Бұл әділеттілік емес қой?! Сонда біз малдың жағдайын ойлаймыз ба, әлде өтінішті қашан беру керек деп компьютерді аңдып отыруымыз керек пе?», - дейді кәсіпкерТұрсынкүл Ибраева.

Кәсіпкердің айтып отырғаны Plem.kz, «QOLDAU» жүйесі. Өтініш аталмыш платформада қабылданады. Жергілікті бюджеттен бөлінген қаржының жеткіліксіз мөлшері, жүйеде алғашқы болып өтініш берген кәсіпкерлердің өтінішінің қабылдануына алып келген. Бүгінде облыстағы кәсіпкерлердің жем-шөпті субсидиялауға сұранысы 394,2 млн.теңгені теңгені құрап отыр.

Кездесуге қатысқан ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Ғалия Әлімқұлова да бұл мәселеге алаңдаулы екендігін жеткізді. Ол ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін субсидиялау саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы талдау бойынша жұмыс жүргізіліп жатқандығын, қазірдің өзінде бірнеше жүйелі мәселелер анықталғандығын айтты.

«Субсидиялау практикасын зерделеу мақсатында облыстың аудандарында кездесулер ұйымдастырылды. Оған мүдделі ұйым басшылары қатыстырылды, «Атамекеннің» өңірлік филиалының басшылығы да бар. Облыстың барлық аудандарындағы фермерлер «QOLDAU» ақпараттық жүйесінің жұмысына байланысты проблемаларды баса айтуда. Шаруалар сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін көрсете отырып, жүйенің жұмысына өзгерістер енгізуін сұрауда. Миллиондаған субсидия 1-3 минуттың аралығында таратылып беріледі екен. Салдарынан кәсіпкерлер өз қызметтерімен айналыспай, мықты программист мамандарды іздеп, алған субсидияның бір бөлігін осы сала мамандарына беруге мәжбүр. Тіпті ресейлік мамандардың қызметіне жүгінгендері де бар», - деген Ғалия Әлімқұлова кәсіпкерлердің бұл мәселені шешудегі ұсынысы кезектілік тәртібімен беруді қарастыру екендігін атап өтті. Яғни сала кәсіпкерлері бюджет қаражатын барлық аудандар бойынша пропорционалды түрде бөле отырып, мал басының санына сүйене отырып субсидиялауды ұсынуда.

Кездесуде мұнан өзге мал шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтарын дамытып, нәтижеге қол жеткізу үшін көрсетілуі қажет қолдау тетіктеріне қатысты өзге де ұсыныстар айтылып, шешілу жолдары талқыланды.

Шараны қорытындылаған Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Пірмұхаммед Сыздықов шараға қатыса алмаған өзге де кәсіпкерлердің ұсыныстарын жинақтап, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментіне жолдайтындығын, алдағы уақытта бұл бағытта бірлесе шаралар қабылдауға дайын екендігін жеткізді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер