«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қызылордалық кәсіпкер 8 жылдан бері 1 сотық жерді ала алмай жүр

2020 жылғы 21 Қаңтар
- Қызылорда облысы
6407 просмотров

Бұл туралы бүгін Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықовтың бизнес өкілдерімен кездесуінде айтылды.

Жеке кәсіпкер Құмарбек Төлегеновтің 1 сотық жер ала алмай жүргеніне 8 жылға таяпты. Ол 2012 жылы Қызылорда қаласындағы Жалаңтөс Бахадүр көшесінен аукцион негізінде 100 шаршы метр (1 сотық) жер телімін алады. Тротуармен қабаттасуына байланысты аталмыш жерде құрылыс жүргізу мүмкін болмай, 2016 жылы кәсіпкерге әкімдікпен Байтұрсынов көшесінен 75 шаршы метр (0,75 сотық) жер телімі беріледі. Кәсіпкер аталмыш аумақты қоршап, құрылыс жұмыстарын бастағалы жүргенінде бұл жердің иесі бар екені анықталып, әкімдік 2018 жылы Қонаев көшесінен жер телімін табыстайды.

Алайда кәсіпкердің проблемасы мұнымен бітпейді. Қонаев көшесінен берілген 0,75 сотық жерді прокуратура Қызылорда қаласының Бас жоспарына сай емес, бұл жер жасыл желек аумағы деп, наразылық келтіріп, нәтижесінде кәсіпкер жер телімінсіз қалады.

Кәсіпкердің кездесуге келуіне де осы жағдай себеп болып отыр. Кездесуде Бас жоспарға 2019 жылдың 6 маусымында өзгеріс енгізілгендігі анықталды. Өзгеріске сай, әкімдік  алып қойған жер телімі «базар», яғни кәсіпкерлік мақсатқа арналған жер болып белгіленіп тұр екен.

Кездесуден кейін Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов әлеуметтік желідегі парақшасында: «Бүгін Қызылорда қаласындағы бірқатар кәсіпкерлермен кездестім. Кездесуде көтерілген мәселелердің басым бөлігі жер қатынастары саласына қатысты болды. Шынымды айтсам, кездесуден кейін көңіл-күйім түсіп кетті. «Қазір халық жалқау, тірлік істегісі келмейді», - деп айтып жүрген кейбір шенділердің әңгімесін жоққа шығарғым келеді. Тірлік жасағысы келіп, жер алып, ақша салған, алайда құжаттарын заңдастыра алмай сенделген жандарды көргенде еріксіз ашу қысты. Этикет талап еткендіктен ғана өз-өзімді ұстап отырдым. Бұл мәселені тікелей бақылауыма аламын. Жақын күндері Кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесіне шығарамыз. 8 жыл сандалған әріптесімізге көмектесе аламыз деп үміттенемін», - деп жазды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер