«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қызылордалық кәсіпкердің жері өзінде қалды

2019 жылғы 08 Мамыр
- Қызылорда облысы
3059 просмотров

Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасына бұл жолы көмек сұрап жеке кәсіпкер Марат Ерниязов келді. Ол Палата мамандарынан сотта құқығын қорғауды сұрады.

Кәсіпкер 2009 жылы Арал қаласынан 220 шаршы метр жер телімін алып, бұл жерде монша салмақшы болады.

Жерді кәсіпкер танысынан алғандықтан құжаттарын рәсімдеуге асықпайды. Алайда оның сенгіштігі кейін өзіне зиянын тигізіп, кәсіпкерге жерін сатқан танысы құжаттарды берудің орнына Мараттың өзін сотқа береді.

Ұзаққа созылған дау Марат Ерниязовқа алған жер телімін уақытылы игеруге мүмкіндік бермейді. Ал бұл аралықта, яғни 2017 жылдың қазан айында Қызылорда облысы бойынша жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы кәсіпкердің жер теліміне сырттай тексеру жүргізіп, шара қабылдау туралы ұйғарым береді.

Алайда Қызылорда облысы бойынша жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының өкілдері тарапынан тексеру жұмыстарын жүргізу барысында жеке кәсіпкер мен жер телімін сатушының соттасып жатқандығын, қолында жердің құжаты болмағандықтан кәсіпкердің жер телімін игере алмай отырғандығын назарға алмаған.  Осындай дау-дамайдың салдарынан кәсіпкер мерзімінде жоба-сметалық құжаттарын әзірлеуге де тапсырыс бере алмаған.

Кәсіпкер Ерниязов 2018 жылдың қаңтар айында жер теліне қатысты құқық беретін құжаттарына қол жеткізеді. Мұнан өзге 2018 жылдың желтоқсан айында сот жеке кәсіпкер Ерниязовты 2017 жылдың қазан айындағы ұйғарымды орындамағаны үшін тартылған әкімшілік жауапкершіліктен босатады.

Қолында құжаттары болғаннан кейін Марат Ерниязов өткен жылдың жазынан бастап аталмыш жер телімінде құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізе бастайды. Атап айтқанда, моншаның іргетасы қаланып, қабырғасын тұрғызған.

Сотта Кәсіпкерлер палатасының заңгерлері сот отырысына қатысып, Қызылорда облысы бойынша жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының кәсіпкердің жерін алып қоюға қатысты берген талап арызын қанағаттандырусыз қалдырды.

Осылайша тағы бір кәсіпкер өз жұмысын жалғастыруға мүмкіндік алды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер