«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Кәсіппен айналысқыңыз келе ме?

2018 жылғы 23 Қаңтар
- Қызылорда облысы
10156 просмотров

Кеңес береміз!

Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы жыл басынан жеке ісін ашып, кәсіппен айналысқысы келетін азаматтар үшін әлеуметтік желіде тікелей эфир арқылы кәсіпті ашу, жүргізу, қаржыландыру көздеріне қатысты кеңес беру қызметін бастап кетті. Палата мамандарымен берілген кеңестің жазбаша нұсқасын да Сіздердің назарларыңызға ұсынып отыратын боламыз.

Бүгін біздің сауалдарымызға Кәсіпкерлер палатасының бизнес-тренері Мәдина Қасымжан жауап береді.

 -  Жеке кәсібімді ашқым келеді, бірақ неден бастарымды білмей жүрмін. Маған қандай кеңес бере аласыз?

 - Біріншіден нақты бір кәсіп түрімен айналыс деп айту өте қиын. Себебі әр адамның өз бейімі, қызығушылығы, жеке мүдделері болады. Соған сәйкес Сіз өзіңізге сұрақ қойып алуыңыз керек. «Мен немен айналыса аламын? Қолымнан не келеді? Қандай істі жақсы жасай аламын?», - деп осы бағытта өз-өзіңізге сауал қойып алғаныңыз жөн. Одан кейін Сіз сол кәсіп түрімен айналысуға дайынсыз ба?

Бізде жақында бір апайымыз келіп, кеңес алды. Не кәсіппен айналысуға болады деп. Қолынан көкөністерді маринаттау келеді екен. Сол қабілетін іске жаратпақ болып, бірінші аз көлемде үйінің жанындағы мектепке апарып өткізе бастайды. Алғашқы тапсырысы 200 банкі болған. Осы ісін дамыта келе, қазір шағын отбасылық кәсібін жүргізіп отыр. Бұл мысалды Сізге үлгі ретінде айтып отырмын. Мысалға, Сіздің бірнеше қабілеттеріңіз болуы мүмкін. Сол қабілеттеріңіздің ішінен Сіз біреуін таңдап алуыңыз қажет.

Одан кейін нарықты зерттеу қажет. Сіздің тұтынушыға ұсынайын деп отырған қызметіңіз немесе өніміңіз сұранысқа ие ме? Міне, осыны анықтап алу қажет. Нарықты зерттеп болғаннан кейін барып айналысатын кәсібіңізді анықтап, бір идеяға тоқтағаныңыз жөн.

- Кәсібімді бастау үшін белгілі бір қаражат қажет екені анық. Сол үшін де қандай мемлекеттік бағдарламаға арқа сүйей аламын? Олардан қаржыны қанша пайызбен алуға болады? Сол жөнінде кеңес берсеңіз.

- Қазіргі уақытта мемлекет тарапынан кәсіпкерлерді қолдауға ерекше мән беріліп жатыр. Көптеген мемлекеттік бағдарламалар бар. Соның ішінде жақсы жұмыс жасап жатқаны «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы мен «Бизнестің жол картасы - 2020» мемлекеттік бағдарламасы.

«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасының тиімділігі берілетін үстеме сыйақысы, яғни пайызының төмендігі – 6 пайызбен беріледі. Өте ыңғайлы. Екіншіден, бұл бағдарламаға жұмыссыздар, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар, ауыл шаруашылығы кооперативтерінің мүшелері қатыса алады. Ол үшін жұмыспен қамту орталығына барып, өтініш беруі қажет. Тағы да айтамын, сыйақы мөлшері 6 пайыз, 18 млн.теңгеге дейін несие беріледі. Несие берілетін мерзімі 60 ай. Сіз несиеңізді ай сайын, тоқсан сайын немесе жарты жылда бір рет төлейтін етіп алуыңызға болады.

 «Бизнестің жол картасы - 2020» мемлекеттік бағдарламасына тоқталсам. Бағдарламаға қатысуға шекте қойылмаған, яғни бағдарламаға жұмысы бар азаматтар да, жұмыссыздар да қатыса алады. Ерекшелігі – несие екінші деңгейлі банктер арқылы беріледі. Үстеме сыйақысы 14-19 пайыз. Оның қала тұрғындары үшін 7 пайызын, ауыл тұрғындары үшін 10 пайызын мемлекет субсидиялайды (Уикипедиядан алынған мағлұмат бойынша, Субсидия (лат. subsіdіum – көмек), демеу қаржы – мемлекеттік бюджет есебінен көбінесе ақшалай нысандағы бір жолғы жәрдемақы). Сонда, егер Сіз қала тұрғыны болсаңыз максимум 12 пайыздық үстемақымен қайтарасыз несиені, ауыл тұрғыны болсаңыз 7 пайызбен несиеңізді төлейтін боласыз.

Екі бағдарламада да міндетті түрде кепіл мүлік қажет етіледі. Егер Сіз бастауыш кәсіпкер болсаңыз 15 пайыз кепіл мүлкіңіз болуы керек. Қалғанына мемлекет кепіл болады, яғни «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында «Даму»АҚ, ал нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша «ҚазАгроГарант» АҚ кепіл болады.

- Мәдина ханым, мәселен мен сұлулық салонын ашқым келеді. Ол үшін не істеуім қажет. Жолдарын көрсете аласыз ба?

- Сұлулық салоны қазіргі уақытта ең жақсы дамып келе жатқан бизнес түрі. Сұлулық салонын ашу үшін Сізге ең алдымен білім дағдылары қажет. Мүмкін Сіздің қолыңыздан шаш үлгісін жасау, бет әрлеу, тырнақ күтіміне қатысты қызмет көрсету келетін шығар. Дегенмен, Сіздің білім дағдыларыңыз әлі де болса жеткіліксіз болуы мүмкін. Сол үшін қысқа мерзімді арнайы курстарға қатысып, білім-білігіңізді жетілдіріп алғаныңыз жөн. Одан кейінгі екінші сатыда Сіз алған білімдеріңізді тәжірибеде қолданып, тәжирибе жинақтау мақсатында нарықта бұрыннан жұмыс жасап тұрған, беделді сұлулық салондарында аз уақыт болса да жұмыс жасап көргеніңіз дұрыс. Үшінші кезеңде, сұлулық салонын ашатын орынды анықтап алуыңыз керек. Әдетте ең қолайлы жер халық көп шоғырланған орындар, аялдамалардың жанындағы ғимараттар болуы мүмкін. Бір ерекшелігі, панельді орындарда, ғимараттардың жертөлелерінде сұлулық салонын ашуға рұқсат етілмейді. Осыны ескеруіңіз қажет. Сұлулық салонында стандарт бойынша бір маманға 7 шаршы метр орын қарастырылуы қажет. Егер Сіздің сұлулық салоныңызда 2 маман жұмыс жасайтын болса, бөлмеңіздің ауданы 14 шаршы метрден кем болмауы тиіс. Кәсібіңізді бастап кету үшін, ғимараттың жалға алу ақысынан өзге (егер ғимарат өзіңіздікі болмаса) 350-450 мың теңге қаржы қажет. Бұл қаржыға салонға қажетті жихаз, құрал-жабдықтар аласыз. Мұнан өзге, ай сайын ғимараттың коммуналдық шығындарыңыз бар, өзге де қосымша шығындар болуы мүмкін. Осы қаржыларды есептегенде Сіз бастапқы салған қаржыңызды ең азы 6 ай, 1 жыл көлемінде шығарып алуыңызға болады.

- Мәдина ханым, кеңесіңізге рахмет.  

 

Сұхбаттасқан Балдырған Мәмен

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер