«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Білімді ұрпақ баулу мақсатында

2016 жылғы 12 Қазан
- Қызылорда облысы
9792 просмотров

Кәсіпкер «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының шарттарын пайдалана отырып, білім беру орталығын ашты

«Білім беру орталығын ашу туралы ой қызым 5 жасқа келгенде туды. «Білімді ұрпақ – жарқын болашақ» дейді ғой. Қызым Айзерені мектеп алды дайындық сыныбына бердік. 2016 жылдың басында еліміздің барлық мектептерінде үштілділік бағдарламасы енгізілді. Соған сәйкес оқушылар қазақ, орыс, ағылшын тілдерін жетік меңгерулері қажет. Қосымша оқуға кететін шығындарды есептей отырып, білім беру орталығын ашуға шешім қабылдадым. Статистика бойынша, 2005 жылдан бастап халықтың туу көрсеткіші артып келеді. Кейбір мектептерде 1-сыныптардың саны 28-ге дейін жетеді, ал ондағы оқушылар саны орташа алғанда – 28 баладан. Мұғалім 45 минуттың ішінде үй тапсырмасын тексеріп, жаңа тақырыпты түсіндіріп үлгеруі керек, алайда қазіргі жаңа мектеп бағдарламасы күрделі әрі әр оқушымен жеке жұмыс істеуді талап етеді. Оқу семинарлары мен тренингтерге қатыса жүріп, бизнесті жүргізуді түсіне бастадым, сертификат алдым. Осы жылдың маусым айында Халық банкке құжаттарымды тапсырдым, ал қазан айында «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша пайыздық мөлшерлемесі 8,5 пайыз болатын жеңілдетілген несиеге қол жеткіздім. Ол қаражатқа білім беру орталығына арналған құрал-жабдықтар сатып алдым», – дейді «Айзере» орталығының басшысы Гаухар Жұмаділова.

Білім беру орталығында жоғарғы және бірінші санатты мұғалімдер жұмыс істейді. Сондай-ақ «Кембридж» бағдарламасының «тиімді оқыту» әдісі бойынша оқыған 2-3 деңгейлі мамандар да бар.

«Біз ең алдымен, білімнің сапасына назар аударамыз. Оқыту бағдарламасына үй тапсырмасын орындату, қосымша тапсырмалар беру, диктант жазғызу және т.б. жұмыстар кіреді. Ағылшын тілін оқытқанда Верещагиннің әдісі бойынша жұмыс істейміз. Жоғарғы математика, алгебра, физика, логикалық пәндер бойынша алған білім мен ұлттық қолөнер мұрасымен, түрлі материалдардың құрылымдық ерекшеліктерімен танысу балаға болашақта көптеген артықшылықтар беріп, білім көкжиегін кеңейтуге, таңдаған кәсібіне қарамастан, жан-жақты дамыған, сенімді азамат болып өсуіне көмектеседі», – дейді Гаухар.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер