«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Оқушылар «Smart Rubber» зауытында болды

2016 жылғы 06 Қазан
- Қызылорда облысы
12772 просмотров

Қызылордалық автомобиль шиналарын кәдеге жарату зауыты өңірдегі экономикалық әрі экологиялық тұрғыдан тиімді инновациялық жобалардың бірі

«Smart Rubber» ЖШС инновациялық өндірісі осыдан екі жыл бұрын іске қосылған. Зауыт тозығы жеткен автомобильдерді қайта өңдеу және оны кəдеге асырумен айналысады. Көнерген заттардан кәсіпорын белсенді резеңке ұнтағы секілді су жаңа материал мен жерасты суаруға қажет инновациялық құбырлар жасап шығарады.

Тозығы жеткен шиналар зауытта өңдеудің бірнеше кезеңінен өткеннен кейін ұнтаққа айналады. Оған полиэтиленді ұнтақ қосылып, нәтижесінде инновациялық жерасты суару құбырлары жасалады. Осылайша, неміс технологиясының көмегімен, бар-жоғы 10-15 минут ішінде 100 метрге дейін резеңке құрбыларын жасауға болады.

2030 жылға қарай жасыл экономикаға өту тұжырымдамасына сай, егіс алқаптарының 15 пайызы суды барынша үнемдейтін технологияға өтпек. Осыған орай, жерасты суаруға қажет инновациялық құбырларға деген сұраныс артпақ.

Тіпті, қазірдің өзінде резеңке ұнтағын құрылыста көптеп қолданады. Сонымен бірге, белсенді резеңке ұнтағын асфальтбетон жасауға пайдаланады. Ұнтақты жол битумына қосқан кезде, ұнтақ еріп, оған резеңкенің материалын береді екен. 

«Резеңке ұнтақтарының - 1,3-3,5 фракцияға дейін әр түрі болады.  Болашақта, шинадан алынатын металл да кәдеге жарайтын болады. Қазір резеңке ұнтақтары спорт залдарды, стадиондар мен балабақша алаңдарын жабдықтандыруға қолданылады. Өзге кәсіпорындар арасында жоғары сұранысқа ие», – деп түсіндірді оқушыларға өндіріс басшысы Серік Ақпембетов.

Зауыттың жылдық өнімділігі жылына 2 мың тоннаға дейінгі өндіріс көлемін құрап отыр.  Өңір үшін инновациялық жоба экономикалық әрі экологиялық тұрғыдан  да тиімді болып отыр. Жас меймандар бірегей өндіріс туралы көптеген ақпарат біліп, зауыт қызметкерлеріне осындай танымдық экскурсия ұйымдастырғаны үшін алғыс білдірді.

Бір айта кетерлігі, Кәсіпкерлер палатасы облыстық білім басқармасымен бірге, облыс мектептері арасында кәсіби мамандықтарға баулу шараларын одан әрі жалғастырмақ.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін, мектеп оқушылары «Dalatex» ерлер киімі фабрикасы мен «Аквалайн», «Ақжан су» ауыз суы өндірісі компанияларын аралаған еді.

Кәсіпкерлер палатасы бөлімінің басшысы Жанна Ысқақованың айтуынша, оқушыларды кәсібилікке баулу шаралары аудандарда да өткізіліп жатыр.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер