«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Есіміңді ел білсін, кәсіпкер!

2016 жылғы 22 Тамыз
- Қызылорда облысы
9997 просмотров

Облыстың ең үздік тауар өндірушілері анықталды

Облыста «Қазақстанның үздік тауары – 2016» өңірлік көрме-байқауы өз мәресіне жетті. Аймақтың үздік кәсіпкерлері Астанада өтетін ақтық көрмеге жолдама алды.

Естеріңізге сала кетсек, былтырдан бастап ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығы және «Қазақстанның үздік тауары» байқауларын ұйымдастыру міндетін «Атамекен» ҰКП толық өз мойнына алған болатын. Қатысушыларға қойылатын басты талаптар – өндірілген өнімнің сапасы бойынша жүлделі орынға қол жеткізу, кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігін арттыру, сапаны басқаруда тиімділігі жоғары әдістерді пайдалану, халықаралық стандарттарды енгізу, тұтынушылардың сұранысын қанағаттандыру болып табылады.

«Соңғы жақсы жаңалықтың бірі, енді «Қазақстанның үздік тауары» және ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығына жеке кәсіпкерлер де қатыса алатын болды, – дейді Қызылорда облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов. – Бұрындары бір ғана «Шағын және Орта бизнес субъектісі» аталымы бойынша сыйлықтар  болатын. Енді ол толық екіге бөлінді. Осылайша, кәсіпкерліктің үш субъектісі толыққанды қатыса алады. Олар: шағын, орта және ірі бизнес. Бұл шағын бизнес өкілдері үшін бәсекеге қабілеттілігін арттырып, өз кәсібін паш етуге үлкен мүмкіндік».

Облыстық Кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, биылғы жылы «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауына қатысуға өңірдің  18-ге тарта тауар өндірушісі ниет білдірген. Оның 13-ке жуығы жеке кәсіпкерлер.

Өздерін таныстырып, өнімін байқаудан тыс көрсету мақсатында, жүлделі орындарға таласпайтын, шағын және орта бизнестің 30-ға тарта кәсіпорны қатысуға тілек білдіріп отыр.

Байқауға қатысушылар арасында жұмысын табысты дамытып отырғандардан тыс, қызметін енді ғана бастаған кәсіпкерлер де бар. Жұмысын табысты дамытып отырған «Брау-нис» ЖШС, «Мұрагер» ЖК және тағы басқалар өткен жылы үздіктер қатарынан көрінген.

Қызметін енді бастағандар қатарында – «Кемикал» Қазақстан Мұнай химиясы Компаниясы» ЖШС қызылордалық филиалы, «NP Consulting» ЖШС, «Құрбанбаев» ЖК бар. Өңірлік байқаудың қорытындысында жеңімпаздар үш аталым бойынша анықталды: «Үздік азық-түлік тауарлары»,  «Халық тұтынатын үздік тауарлар» және «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар». Жеңімпаздар өңір атынан республикалық байқауға қатысады және байқау танымбелгісін төрт жыл бойы жарнамалық мақсатта қолдану құқығына ие болды.

«Сонымен, бірінші дәрежелі дипломдармен Кемикал» Қазақстан Мұнай химиясы Компаниясы» ЖШС, «Құрбанбаев» ЖК, «Сыр маржаны» ЖШС марапатталды, – деп мәлімдеді Ғалымбек Жақсылықов. – Екінші дәрежелі дипломдарға «NP-Consulting» ЖШС, «Тұрғынбаев Табиғат» ЖК, «Бранис-Қазақстан» ЖШС лайықты деп танылды. Үшінші дәрежелі дипломдарды «МСК» ЖК, «Жұмашева Индира» ЖК, «Сабыр Ермаханов» ЖК иеленді».

Ермаханов Шиеліде облысқа танымал шұбат өндіреді.

«Біздің өніміз өзінің лайықты бағасын алғанына қуаныштымын. Және де болашақта өз кәсібімізді кеңейтіп, әлі талай рет көрме-байқауға қатысамыз деп ойлаймын», – деді ол.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер