«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Шағын бизнеске – қомақты қаражат

2016 жылғы 30 Мамыр
- Қызылорда облысы
7587 просмотров

Қызылордалықтар шағын кәсіпкерлікті қаржыландыру жолдарын тауып отыр

«Байқоңыр инвест» форумының аясында өткен Қызылорда облысындағы шағын және орта бизнесті дамыту перспективалары мәселесіне қатысты панельдік отырыста Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов қаржылық ресурстардың, әсіресе ауылды елді мекендер үшін қолжетімділігі аса күрделі мәселе болып тұрғандығын айтты.

«Бірінші, банк секторының несие беруге қатысты позициясының әлсіреуі шағын несие ұйымдарының белсенді жұмыс жасап, тұтынушылық несиелерді беру көлемін арттыруға негіз болуда. Бұл тенденция 2014 жылдан басталды десек болады. 2014 жылы шағын несие ұйымдарының несиелік портфелі 35 пайызға артқан. Ал 2014 жылдың үшінші тоқсанындағы 92 млрд теңгемен салыстырғанда, бұл көрсеткіш 2015 жылдың үш тоқсанында  26,2 пайызға артып, 107,3 млрд. теңгеге тең болды. 2015 жылы шағын несие ұйымдары тұтынушылық несие беру көлемін арттыруды жалғастырды», – деді Ғалымбек Жақсылықов.

Шағын несие ұйымдарында негізгі қаржы көздері ұйымның өз қаржысы. Айта кету керек, соңғы үш жылда бұл көрсеткіш жалпы жиынтық қаржының 61 пайызына тең болды. Одан әрі банктің берген қарызы 26 пайыз, банктік емес заңды тұлғалардың үлесі 11 пайыз, бюджет қаржысы 1,9 пайыз, жеке тұлғалардан алынғаны 0,1 пайыз болды. Шағын несие ұйымдары беретін тұтынушылық несиелердің пайызы екінші деңгейлі банктермен салыстырғанда көбірек, ал берілетін сома соншалық көп те емес. Дегенмен, соңғы екі жылда шағын несие ұйымдардың несиелендіру қарқыны айтарлықтай өсті. Банк секторының несиелік белсенділігі төмендеген тұста жоғарыда аталған сегменттің өсуіне негіз көп.

Мұнан өзге, Қызылорда облысы бойынша екінші деңгейлі банктердің несие портфеліндегі тұтынушылық несиелердің үлесі 60 пайызды құрайды. Бұл республикалық көрсеткішпен салыстырғанда 3 есе көп.

Екіншіден, бүгінде өңірдегі ауылды елді мекендер үшін негізгі қаржы институты – «ҚазАгро» ұлттық компаниясы.

ӨКП басшысы атап өткендей, «ҚазАгроға» қарасты еншілес компаниялардың агроөнеркәсіп кешені нарығындағы несиелендіру үлесі жоғары болғанына қарамастан, жыл өткен сайын өсіп жатқан ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің сұранысын толықтай қанағаттандыра алмай отыр.

Агробизнес саласын қолдауға арналған түрлі құралдар жеткілікті болғанмен, бұл салада айтарлықтай даму мен шағын бизнестен орта бизнеске, орта бизнестен ірі бизнеске көшу әлі де байқалар емес.

Үшіншіден, Ғ. Жақсылықовтың айтуынша, бүгінде өңірде «Бизнестің жол картасы – 2020» және «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламалары белсенді жүзеге асырылуда.

Талдау көрсеткендей, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясындағы қаржыландырылған жобалардың 80 пайызы облыс орталығына тиесілі екен.

Ал, «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасы аясындағы шағын несиелендіруге бөлінген қаржының басым бөлігі несиелендіру серіктестіктеріне берілетіндіктен, әлеуетті қарыз алушылар санын айтарлықтай азайтып, сол себепті ауылды барынша қамти алмауда.

«Кәсіпкерлер шағын несие беру ұйымдарында несиені жылдам рәсімдей алады, алайда оның пайызы жоғары әрі қысқа мерзімге беріледі. Соған қарамастан, жеке шағын несие беру ұйымдары мемлекеттік және салалық бағдарламаларды жүзеге асыруға шақырылмағандықтан, сондай-ақ ұзақ мірзімді әрі арзан қаражат тартуға мүмкіндігінің жоқтығынан МНҰ-ны (микронесие ұйымдары) дамытуда проблемалар туындап отыр», – дейді Ғалымбек Жақсылықов.

2016 жылдан бастап «Атамекен» ҰКП мен облыс әкімдігі бірлесіп, «Шағын бизнес – Қызылорда» жобасын жүзеге асыруда. Бағдарламаның негізгі мақсаты: шағын бизнесті дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын құру; жұмыссыздықты азайту, кооперацияның дамуына жағдай жасау, ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу және терең қайта өңдеу жобаларын іске асыру; өндірістік (қоймалар, мал сою цехтары, суытқыш және мұздатқыш камералар, логистика, МЖӘ негізінде МТС  құру) және өткізу (Батыс Еуропа-Батыс Қытай тас жолында шағын базарлар мен сауда павильондары)  инфрақұрылымдарының дамуына жәрдемдесу, ішкі және сыртқы сауда базарлары мен дистрибьюторлық желіні біріктіру.

«Шағын несиелендіруді дамытудың сынамалы жобасының аясында облысымыз төрт өңірдің қатарына кірді. ҰКП мен әкімдік арасында аталмыш бағдарламаға 660 млн. теңге (ҰКП – 300 млн. теңге, әкімдік – 360 млн. теңге) бөлу жөніндегі Меморандумға қол қойылды. Операторы «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы», – деп атап өтті Ғалымбек Жақсылықов.

Қазіргі таңда «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы жалпы құны 441,9 млн. теңге болатын 70 жобаны мақұлдады. ҰКП тарапынан 50 млн.теңге көлеміндегі бірінші транш бөлініп, шағын несие беру басталып кетті. «Атамекеннен» бөлінетін қаржы есебінен шағын несие берудің негізгі талаптары несиені 7 пайызбен, 15 млн.теңгеге дейін 5 жылға беру. Бүгінгі күнге дейін «Атамекеннен» бөлінген қаржыға 5 жоба қаржыландырылды.


Ұқсас жаңалықтар:

Еншілес ұйымдар

Серіктестер