«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Бірегей өңірлік карта

2016 жылғы 30 Мамыр
- Қызылорда облысы
12132 просмотров

Қызылорда облыстық өңірлік даму картасына 15 жоба кіреді

Мұндай ақпаратты Қызылорда облысында өткен VII «Байқоңыр инвест» Инвестициялық форумының пленарлық отырысында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма төрағасының орынбасары Төлеміс Шотанов жеткізді. Форумда ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары қызылордалық кәсіпкерлерді Ұлттық кәсіпкерлер палатасы әзірлеген Өңірлерді дамыту картасымен таныстырды.

Форумда Төлеміс Шотанов қазір еліміз үшін сырттан инвесторлар тарту аса маңызды екендігін айта отырып, инвесторлар үшін Қазақстанның, оның ішінде өңірлердің инвестициялық тартымдылығы туралы ақпаратпен қамту бағытында «Атамекен» ҰКП тарапынан ауқымды жұмыстар жасалып жатқандығын әңгімеледі. Нақтырақ айтқанда, 2015 жылы «Атамекен» ҰКП әр өңірдің ерекшелігін ескере отырып, кәсіпкерлік саласына қатысты арнайы карта әзірленді. Карта әр өңірдің әлеуеті, инфрақұрылымына қолжетімділігі, шикізат қоры, маманданған саласы туралы нақты ақпаратпен қамтуды көздейді.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма Төрағасының орынбасары Қызылордадағы форумға келген инвесторларға Картаны таныстыру барысында: «Бұл Карта әлемнің кез келген елінің инвесторлары үшін қолжетімді бола алады. Карта қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде әзірленген. Енді қытай тіліне аударылып жатыр. Карта – Қазақстанның барлық облыстарының, оның ішінде аудандарының іскерлік тартымдылығы туралы ақпаратпен толық қамтылғандығымен құнды. Инвестор болғысы келген кез келген адам Картадан халықтың саны, сұранысынан бастап, сол өңірдің кәсіпкерлеріне дейін де ақпарат ала алады. Себебі Картада кәсіпкерлік субъектілерінің реестрі де қалыптастырылған», – деді.

Қызылорда облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықовтың берген мәліметінше, қазірдің өзінде Қызылордадан 8 бастамашыл жобаны енгізу шаралары басталып кеткен. «Негізі біз облыс бойынша Картаға 15 жоба енгізуді жоспарлаудамыз. Қазір соның 8-і бойынша жұмыстар басталып кетті. Басымдық ерекшелігі бар өнімге, бәсекелестері туралы толық талдау жасалған, өнімді өткізу нарығы анықталған, ең бастысы кәсіпкер үшін де мемлекет үшін де экономикалық тиімділігі жоғары жобаларға беріліп отыр», – дейді Палата директоры.

Оның сөзінше, қазірдің өзінде 8 жобаның бастамашыларымен аймақтың сәйкестенген мамандықтары бойынша жүргізілген зерттеу нәтижесі негізінде келіссөздер жүргізіліп жатыр. «Бұл Картаға кальциленген сода, шыны-пластикалық құбырлар, жел-күннен электр энергиясын өндіретін электростанция, өсімдік майы сынды және өзге де жобалар туралы ақпараттарды Картадан көре аласыздар. Бұл жобалар аясында өндірілетін өнімдер экспортқа шығарылмақ, себебі жақын елдерде аталмыш өнімдер сұранысқа ие», – деп атап өтті Кәсіпкерлер палатасының директоры.

Айта кету керек, Өңірлерді дамыту картасы туралы толық ақпарат алғысы келген әр азамат үшін арнайы www.businessmap.kz сайты жұмыс жасайтындығын назарларыңызға саламыз.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер