«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Салықшылар өздері отырған бұтақты шауып жатыр ма?

2015 жылғы 04 Қараша
- Қызылорда облысы
13798 просмотров

Қызылорда кәсіпкері салық органдарының әрекетсіздігі салдарынан бесінші жыл бизнесін жүргізе алмай отыр

Қызылорда облысы Кәіпкерлер палатасында Парламент Мәжілісінің депутаты Алмас Тұртаевтың қатысуымен Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңестің отырысы өтті.

Күн тәртібінде салық органдарының әрекетсіздігі салдарынан бесінші жыл бизнесін тоқтатып қойып, жүргізе алмай отырған кәсіпкердің мәселесі қаралды.

Үстіміздегі жылдың 22 қазанында Кәсіпкерлер палатасына жеке кәсіпкер Күлшаһар Мұстафаевадан салық органдарының әрекетіне қатысты өтініш келіп түсті.

Мәселе Күлшаһар Мұстафаеваның жеке кәсіпкер ретінде 2006 жылдан бері жұмыс жасап келе жатқандығында болып отыр. Алайда 2009 жылы Салық департаменті ұйғарым негізінде Күлшаһар Мұстафаеваның қызметінің 2004-2009 жылдардағы кезеңіне салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің есептелуінің дұрыстығы мен уақытылы төленуі мәселесі бойынша кешенді тексеріс жүргізіледі.

Салық органы тексеру нәтижесі бойынша салық органы 1 008 607 теңге көлеміндегі салық және бюджетке міндетті төленетін басқа да міндетті төлем және өсімпұл сомасының есептелгені туралы хабарлама шығарады. Сонымен қатар, тексеріс актісі негізінде Қызылорда облысы бойынша Экономикалық және сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі департамент Күлшаһар Мұстафаеваға қатысты қылмыстық іс қозғап, одан әрі қарау үшін сотқа жолданады. Ақырында Қыдылорда қалалық сотының қаулысымен Күлшаһар Мұстафаева бойынша жүргізіліп отырған іс қуыну мерзімінің өтіп кетуіне байланысты тоқтатылады.

Салық органы өз кезегінде салық міндеттемесін белгіленген мерзімде орындамағаны үшін 2009 жылғы 12 желтоқсандағы қаулысымен Күлшаһар Мұстафаеваның мүлкіне иелік етуді шектеп, осы арқылы жер телімі мен пәтерді тұтқынға алды.

Салық кодексіне сәйкес, мүлікке иелік етуді шектеу туралы шешім тек мүліктің теңгерімдік құнына немесе нарықтық құнына қарай құрылған тізімдеме негізінде салық қарызы сомасына ғана қабылдануға тиіс. Алайда Салық департаменті заңның аталмыш нормасына қарамастан және тізімдеме жасамастан, кәсіпкердің барлық мүлкін тұтқынға алады.

Салық кодексіне сәйкес, салық төлеуші салық міндеттемелерін орындамаған жағдайда, салық органдары электронды аукцион жүргізу тәсілімен иелік ету шектелген мүлікті сату жолымен мәжбүрлі төлету шарасын қолданады.

Мүлікті сатудан түскен сомамен қарызгердің қарызы жабылады, ал салық органының барлық талаптары қанағаттандырылғаннан кейін қалған сома қарызгерге қайтарылады.

Алайда салық органы 5 жыл бойы Күлшаһар Мұстафаеваның салық міндеттемесі орындалуы немесе оның мүлкінің босатылуы бойынша ешқандай әрекет жасамаған.

Отырыс барысында салық органының өкілі Күлшаһар Мұстафаеваға қатысты әрекетсіздігі үшін Кеңес мүшелері тарапынан сынға ұшырады. Кеңес төрағасы Алмас Тұртаев Күлшаһар Мұстафаеваның зейнеткерлік жасына және денсаулығының мүмкіндігі шектеулі болуына қарамастан кәсіпкерлікпен айналысып жүргенін назарға ала отырып, Кәсіпкерлер палатасы мен Мемлекеттік табыс департаментін кәсіпкер мәселесін шешуге белсене ат салысуға шақырды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер