«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

«Бастау Бизнес»: 2017 жылғы жоспар 100% орындалды

2017 жылғы 28 Желтоқсан
16495 просмотров

Білім алған 15 мың қатысушының 56% бизнес-жобасын қорғады

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өңірдегі кәсіпкерлікті дамытуға арналған «Бастау Бизнес» жобасы 2017-2021 жылдарға арналған «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» мемлекеттік бағдарламасына енгізілді.

Ауыл тұрғындарының да жұмыссыздық мәселесін шешіп, әлеуметтік-экономикалық ахуалын көтеру үшін не істеу керек деген маңызды сауалдың жауабын беру үшін Ұлттық палата кәсіпкерлік негіздерін оқытып, тұрғылықты жерінде кәсіппен айналысуға негіз болатын бастаманы көтерді. Осылайша 2016 жылы «Бастау Бизнес» курсы бастапқыда пилоттық жоба ретінде Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданы Ақтөбе облысының Темір ауданында және Жаңаөзен қаласында оқытылды. Оқу бағдарламасы күніне 4 сағаттан жалпы 80 сағатты қамтыды. 120 сағат жеке кеңес беру сабақтарына бөлінді, яғни әр жеке сұраққа кешенді жауап берілді. Бұл факторлар жергілікті тұрғындардың іскерлікке ынтасын көтеріп, жеке бизнес бастауына жақсы әсер етті.

Маңыздылығы мен қажеттілігі дәлелденген бастама алдағы 5 жыл ішінде мемлекеттік бағдарламаның негізінде жүзеге асырылып, шалғай ауылдың тұрғындарына да кәсіпкерлік негіздерінен білім берілмек. Бағдарлама бойынша 2017-2021 жылдар аралығында жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған 135 мың азамат кәсіпкерлік негіздерінен біліп алады әрі 27 мың бизнес субъектісі ашылады деп жоспарланған.

Осы мақсатта қолға алынған оқу курсының алғашқы легінде, яғни сәуір-мамыр айларында Қазақстанның 80 ауданынан 3064 адам оқытылып, 2 229 білім алушы бизнес-жобасын қорғап, қаржы институттарына жолдама алды.

Ауыл-аймақтағы жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға кәсіпкерлік негіздерін үйрету үшін бизнес-жаттықтырушылар арнайы іріктеуден өтті.

Елдің түпкір-түпкірінен іріктеп алынған 95 бизнес-тренер жоғары экономика мектебі негізінде екі апталық арнайы тренингтен өтіп, дайындығы мен біліктілігі ең жоғары 80 бизнес-тренер 80 ауданда жұмыс істеді.

30 күнге созылған оқыту мерзімі 12 модульден құралады. Модульдер бизнесті енді бастап жатқан кәсіпкерлер үшін барынша пайдалы. Атап айтқанда, кәсіпкерлік психологиясы, бизнес жоспарлау, маркетинг, салық режимдері, өткізу нарықтары, құқықтық реттеуге қатысты барлық материалдар тәжірибелік тұрғыдан түсіндірілді.

Жобаның жүзеге асырылуын ұйымдастырушылардың бірі, «Атамекен» ҚР ҰКП Бизнес коммуникацияны мемлекеттік тілде дамыту департаментінің директоры Бауыржан Оразғалиев Ұлттық палата бұл жоба арқылы өзіне үлкен міндетті жүктегенін атап өткен еді.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Бастау Бизнес» жобасы аясында жыл сайын 3000 бизнес-жобаны жүзеге асыру міндетін белгілеп, үлкен жауапкершілікті алып отыр. Тәжірибелік оқу қорытындысы бойынша әрбір бесінші қатысушы өз кәсібін ашуы керек немесе бизнесін кеңейтуі қажет. Ауыл тұрғындарының қызығушылығы жоғары, алғаш лектің оқуы басталғанда-ақ қатысушылардың 80 пайызының бизнес-идеясы дайын болды. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорымен» орталық және өңірлік деңгейде атқарылатын жұмыс механизмі нақты. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ филиалдарының белсенділігі мен тартуы әртүрлі», – деп түсіндірді Бауыржан Оразғалиев.

«Бастау Бизнес» жобасы 2017 жылы 15 мың ауыл тұрғынын оқытуды көздеді 2018 жылдан бастап бұл көрсеткіш екі есе ұлғаяды, тиісінде 30 мың адамға білім беріп, оның ішінде 6000 білім алушы өз кәсібін ашуы керек немесе жұмыс істеп тұрған бизнесін кеңейте алады.

Бүгінде «Бастау Бизнес» жобасының 2017 жылғы жоспары 100% орындалған. Білім алған 15 мың қатысушының 56%, атап айтқанда 8285 қатысушы бизнес-жобасын қорғады. Ал оның ішінде 3314 – жеке кәсіп ашты, кәсібін өрістетті.

2017 жылы өткізілген 6 лектің қорытындысы бойынша қатысушылардың 58,6% азаматтар болса, 41,4% әйелдер. Ал жас аралығына талдау жүргізсек, 17-29 жас аралығындағы азаматтар – 30,7%, 30-49 жас аралығы – 49,1%, 50-57 жас – 15,8%, 57 жастан жоғары қатысушылар ­– 4,5%.

Облыстық комиссияның назарына ұсынылған бизнес-жобалардың 80% ауыл шаруашылығы кешеніне қатысты. Қалған 20% қайта өңдеу, қызмет көрсету секілді салаларды қамтыған. Әрбір жобада орташа алғанда 1-4 жұмыс орнын ашу көзделген.

Бизнес-жобалар аудан немесе өңірдегі нарық сұранысына қарай дайындалады. Сұраныс бизнес-жаттықтырушылардың жеке зерттеуіне қарай анықталған, сондай-ақ аталған бизнес-жоспар ауданның бейімделген ерекшелігіне қайшы келмейді.

Бизнес-жобаларды қамту саласына қарай талдар болса, білім алушылар мал шаруашылығымен айналысуға ден қойған. Ірі қара мал басын көбейту, жылғы өсіру, қоян, құс шаруашылығымен айналысу үшін бизнес-жоба әзірлеген. Дегенмен, басым бөлігі, яғни 46% ірі қара малмен айналысуды жөн санаған. Мал бордақылау, етті-сүтті тұқымды көбейтуге ниет білдірген.

«Бастау Бизнес» жобасына Алматы облысынан 1500-ға жуық адам қатысып, оның 285-і кәсіп ашты. Кәсіпкерлер жобасы 1 млрд теңгеге қаржыландырылды. Айтуларынша, биыл бұл мемлекет тарапынан көрсетілген айтарлықтай көмек болды. Себебі, несиелер төмен мөлшерлемеде 6%-бен берілді.

2017 жылы «Бастау Бизнеске» жазылып, мемлекет тарапынан қолдауға қол жеткізгендердің бірі – Еңбекшіқазақ ауданы, Тескенсу селолық округі, Толқын ауылының тұрғыны Асылхан Мұхтарханұлы. 11 жыл бұрын Қытайдан қоныс аударған. Көп кешіктермей шаруа қожалығын құрып, азын-аулақ мал өсірді. Ақпарат құралдарынан кооператив құрудың тиімділігін естіп, биыл маусым айында 30 адамның басын біріктіріп, «Жиделі байсын» атты ауыл шаруашылығы кооперативін құрды. Кооператив мүшелері де оқу курсына жазылып, қаражатқа қол жеткізді.

«Қазіргі таңда санымыз 60-қа жетті. Жалпы сомасы 75 млн теңге несие алып, оған 270 сиыр алдық. Өзімізде бар малмен барлығы мыңға жуық ірі қара болды. «Адал» сүт компаниясымен келісім-шартқа отырып, сүт өткізетін болдық. Шамамен күніне екі тонна сүтпен қамтамасыз ете аламыз», - дейді Асылхан Мұхтарханұлы.

Мемлекеттік қолдауды көрген ауыл тұрғындарының бизнес жүргізуге деген ынтасы мен сенімі артқан.

Ерсін Керімқұлов - Үкімет пен «Атамекен» ҰКП қолдауының шапағатын көріп келе жатқан жас кәсіпкер. Ол Жамбыл ауданы Дегерес ауылында тұрады. Мемлекеттік бағдарлама аясында қорасында тұрған бір-екі малының үстіне жаңа 12 бас сиыр алып, көбейтті. 

«Дегерес ауылы аудан орталығынан 50 шақырым жерде орналасқан. Шалғай жатқан елдімекендегілер үшін несие алу өте қиын екенін білесіздер. Биыл «Бастау Бизнес» жобасына қатысып, көптеген ауыл азаматтары серпіліп қалды. Өз басым 3,5 млн несие алдым. Мамандығым агроном болған соң, кәсіпкерлік негіздері бойынша білім көптік етпеді. Әсіресе, ақшамен жұмыс істеу, мақсатты-мақсатсыз жұмсау сынды өзекті мәселелерді меңгердік», - дейді Ерсін Керімқұлов.

Ал «Бастау Бизнес» жобасы Батыс Қазақстан облысының Қазталов, Ақжайық, Зеленов, Теректі және Жаңақала аудандарын қамтыды. Жалпы 938 тұрғын білім алды. 138-ден астам қатысушының жобасы қаржыландырылды. «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» арқылы 118 жобаға қаржы берілсе, 20 жобаны «Агронесие корпорациясы» қолдады. Жобалардың 80 пайызы ауыл шаруашылығымен байланысты. 63 жобаға жеке қаражат бөлінген.

Жамбыл облысында «Бастау Бизнес» жобасының 4-легіне қатысқан Айтжан Сыдықов Байзақ ауданы Сарыкемер ауылында 0,5 гектар жерге жылыжай салып, жерді аударып, керекті құрылғылардың барлығымен жабдықтаған. Ендігі кезекті қияр мен қызанақ егіп, жергілікті халықты жыл он екі ай табиғи көкөніспен қамтамасыз етпекші. Жобаларды қаржыландыруда басым бағыт мал шаруашылығы екендігіне қарамастан, жеке кәсіпкердің бизнес-жоспары «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 5 миллион теңгеге қаржыландырылды.

Бұл республиканың әр өңірінде қолға алынған жобалардың санаулы мысалы ғана. Мыңдаған адам кезекке тұрып, кәсіпкерлік негіздерінен білім алып, жеке бизнеспен айналысуды қалайды. Қаржылық сауаттылықты арттырып, бухгалтерия, заң саласынан ақпарат алу, салықтық есеп жүргізу, маркетингтік зерттеуді үйренуге ниет білдіргендердің қатары келесі жылы 160 ауданнан көптеп шығары сөзсіз. Жаңа кәсіп – жаңа жұмыс орны. Экономиканың тұрақтылығы мен қарқынды дамуы үшін шағын және орта бизнестің әлеуетін арттыру жобасы сәтті жүзеге асырылары анық.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер