«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Құқықтық кеңес кәсіпкерді шығыннан құтқарды

2017 жылғы 17 Сәуір
- Қызылорда облысы
5421 просмотров

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс барысында Арал ауданындағы кәсіпкердің 140 млн теңгеден астам қаражаты сақталды

Бұл туралы Кәсіпкерлер палатасы Арал аудандық филиалының директоры Қадырхан Еңсепов хабарлады.

Филиал директорының айтуынша, осы жылдың наурыз айында Арал аудандық мемлекеттік кірістер басқармасы кәсіпкер Темурлан Махановты әкімшілік жауапкершілікке тарту жөнінде сотқа берген.

Кәсіпкерді сотқа жетелеген мына жайт болып отыр. Темурлан Маханов 2016 жылы мемлекеттік сатып алу бойынша Қазалы аудандық білім бөлімін 140 090 276 теңгеге дизель отынымен қамтамасыз ету лотын жеңіп алған. Алайда Арал аудандық мемлекеттік кірістер басқармасы камералдық бақылау барысында кәсіпкерге аталмыш дизель отынына ілеспе жүк құжаты рәсімделмеген деген желеумен хаттама толтырып, Арал аудандық сотына әкімшілік жазаға тартуын сұрап, талап арызымен жүгінген.

Арал аудандық сотының судьясы Дидар Мұратбекұлы мәселені жіті зерттеп, қарау барысында Мемлекеттік кірістер басқармасының шағымында көрсетілген мәселеге қатысты нақты дәлелдеме құжаттары жоқ екендігін, дәлел құжаттары талап арыз беріліп болғаннан кейін жинақталғандығын, оның үстіне Қазалы аудандық білім бөлімінен алынған құжаттар ғана тігілгендігін, қосымша зерттелмегендігін анықтайды. Ал кәсіпкердің қолында сотта кінәсіздігін дәлелдейтін құжаттардың барлығы болған.

Айта кету керек, бұл жерде сотқа қатысқан прокурор да кәсіпкердің кінәсіздігін алға тартып, соттан әкімшілік істі тоқтатуды сұрайды.

Сотта судья және бір жайтқа ерекше назар аударады. Салық, Кәсіпкерлік Кодекстері бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы камералдық бақылау барысында анықталған кемшіліктер бойынша кәсіпкерге түсіндірме жұмысын жүргізіп, кәсіпкердің кемшілікті дер кезінде дербес жоюына мүмкіндік беруі тиіс. Алайда Арал аудандық мемлекеттік кірістер басқармасы атынан сотқа қатысушы Ербол Садықов бұл жайттардың барлығын ескермеген. Сол себепті судья кәсіпкер Темурлан Махановтың әрекетінде әкімшілік құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты оған қатысты істі тоқтатуға жатады деген қаулы шығарады.

Мұнан өзге, Арал аудандық сотының судьясы Дидар Мұратбекұлы Арал аудандық мемлекеттік кірістер басқармасы тарапынан жіберілген өрескел заң бұзушылыққа қатысты жеке қаулы қабылдады. Қаулыда Мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы Ербол Садықовты жеке кәсіпкер Темурлан Махановқа қатысты әкімшілік істі заңсыз қозғап, заң талаптарын өрескел бұзды, осылайша кәсіпкерлік субъектісінің құқығына нұқсан келтірді, ал аталған заң бұзушылықтарды басқарма басшысы Бахыт Дүйсенов қолдап, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманы іс материалдарымен қоса сотқа жолдады дей келе, басқарманың бас маманы Ербол Садықов пен басшысы Бахыт Дүйсеновтің тарапынан орын алған өрескел заң бұзушылықтарға қатысты шара көру үшін Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысына хабарлансын деп арнайы жеке қаулы да шығарады.  

Судья мұндай жеке қаулы шығаруға Арал аудандық мемлекеттік кірістер басқармасы лауазымды тұлғаларының кәсіпкерлік субъектісіне қысым көрсету әрекеттері себеп болғандығын жеткізді.

Бұл мәселеге қатысты біз Кәсіпкерлер палатасының заңгері Аида Қаюповадан  кәсіпкер сотта ұтылып қалған жағдайда алдында не күтіп тұрғандығына қатысты пікірін сұраған болатынбыз.

Аида Қаюпова: «ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексіне сәйкес, кәсіпкер сотта ұтылған жағдайда әкімшілік құқық бұзушылық жасаудың тікелей нысаналары болатын мұнай өнімдері және (немесе) құқық бұзушылық жасау нәтижесінде алынған кірістер тәркілене отырып, жеке тұлғаларға – 150, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 225, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 350, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 800 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады», – деп, судьяның мәселені жан-жақты зерттеуі және Кәсіпкерлер палатасы Арал аудандық филиалы мамандарының дер кезінде құқықтық кеңес беруі кәсіпкерді үлкен шығыннан алып қалғандығын жеткізді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер