«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Электр қуатына артық төлемейді

2016 жылғы 14 Шілде
- Қызылорда облысы
8446 просмотров

ӨКП сарапшылары электр мамандарының кәсіпкерге қойған қаржылық талапары негізсіз екенін дәлелдеді

Қызылордалық «ЭКО-Н Сервис» ЖШС «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында қаржы алып, «Құрамында сынап бар шамдарды жинау және залалсыздандыру» жобасын жүзеге асырушы кәсіпкерлік субъектісі болып саналады.

Кәсіпкердің бұл жобасы үдемелі индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде өңірдің индустриаландыру картасына енгізілген.

Өз кәсібін жүргізіп отырған кәсіпкер осы жылы электр энергиясына қатысты проблемаға кездескенін айтып, Палатадан құқығын қорғауын сұрап, өтініш білдірген болатын. Нақтырақ айтқанда, «ЭКО-Н Сервис» ЖШС-не осы жылдың мамыр айында «КРЭК» АҚ-нан үш күн ішінде пайдаланылған 55 582 кВТ электр энергиясына ақы төлеу жөнінде ескерту хаты келеді.

«ЭКО-Н Сервис» ЖШС 2013 жылы мемлекеттік тіркеуден өтті. Электр энергиясын осы уақытқа дейін мердігер мекеме «Орион LTD» ЖШС-нің және «КРЭК» АҚ-ның рұқсатымен қосалқы стансаға қосылған есептегіш құралы арқылы пайдаланып отырмыз. Дегенмен, «КРЭК» АҚ 2012 жылдан бастап пайдалануға берілген электр желілерінің, траснформаторлардың электр шығынын біздің мекеменің дебиторлық қарызына жатқызып, осы күнге дейін сан мәрте электр қуатын бірнеше күнге ажыратып тастады. Бұл өз кезегінде мекеменің бірқалыпты жұмыс жасауына кедергі келтіреді», – деп жазады кәсіпкер өз хатында.

Кәсіпкердің мәселесін Палатаның заңгерлері жан-жақты зерттей келе электр энергиясын таратушы мекеме тарапынан қабылданған шешімнің заңдылығына қатысты құқықтық баға беруін сұрап облыстық прокуратураға, ҚР Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің Қызылорда облысы бойынша аумақтық департаментіне хат жолдайды.

«Жауапты мемлекеттік органдармен жүргізілген жұмыстардың негізінде ЭКО-Н Сервис» ЖШС трансформатор шығындары және желі шығындары үшін ақы төлемейтін болды. Себебін түсіндіріп өтейін, «КРЭК» АҚ-мен электрлік желілердің теңгерімдік тиесілігі мен тараптардың пайдалану шегі, тораптардың жағдайы, сондай-ақ электр жабдықтарына тұтынушылық жауапкершілігін шектеу актісі жасалмаған, сонымен қатар «ЭКО-Н Сервис» ЖШС-мен «КРЭК» АҚ-ы арасында ешқандай келісім шарт жасалмаған», – дейді Палата заңгері Аида Қаюпова.

Кәсіпкердің бұл өзекті мәселесін "КРЭК" АҚ-ның төрағасы Мұхитжан Кәрімбаев өз бақылауына алып, нәтижесінде бүгінде "ЭКО-Н Сервис" ЖШС мен "Энергосервис" ЖШС арасында келісім шарт жасау мәселесі қарастырылуда. 

Кәсіпкердің құқығын қорғау бағытында жүргізілген шаралардың негізінде «ЭКО-Н Сервис» ЖШС-і 55 582 кВТ-тың шығынын төлемейтін болды, яғни кәсіпкер 1 млн теңгеден астам қаржысын сақтап қала алды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер